Ыбырай Алтынсарин. Әңгімелер мен өлеңдер · Ыбырай Алтынсарин
Таза бұлақ
Тарауды тыңдау
Қазақша нейродауыс, абзац кідірістерімен
≈ 2 мин
Кез келген сөзге түртіңіз — қазақша түсіндірмесі шығады.
Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен. Су шыққан жеріне бір қазандай тасты біреу ойып қорғаныш кылып, тастың суағар жеріне жазу жазыпты: — Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол, — деп. Манағы үш жолаушы бұлақтан ішіп қанған соң жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты: — Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, — деді. Екінші жолаушы мүсәпір молда екен, басын шайқап: — Жоқ мен олай ойламаймын, бұл жазудың мағнасы сіздің ойлағаннан гөрі жоғарырақ соқса керек, бұл бұлақ: кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақаттандырады, сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дәметпейді; бұлай болса адамға да әбірет сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек, — деді. Үшінші жолаушы көркем келген бір әдемі жігіт екен, бұл үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен не ойлайсын?» — деп сұрады. Жігіт айтты: — Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді: бұл бұлақтың суы бір орында тынып тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді; бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағынасы: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін, — деді.
Мазмұны · 5550 / 55
- 1Абылай хан
- 2Айуанның естесі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ
- 3Ақымақ дос
- 4Алтын шеттеуік
- 5Ананың сүюі
- 6Асыл шөп
- 7Аурудан аяған күштірек
- 8Әдеп
- 9Әділдік
- 10Әй, достарым!
- 11Әй, жігіттер!
- 12Әке мен бала
- 13Әлім кісі
- 14Байұлы
- 15Бай мен жарлы баласы
- 16Бақша ағаштары
- 17Баланың айласы
- 18Бұл кім?
- 19Білгеннің пайдасы
- 20Бір уыс мақта
- 21Дүние қалай етсең табылады
- 22Жаз
- 23Жамандыққа жақсылық
- 24Жаман жолдас
- 25Жан-жануарлардың дауласқаны
- 26Жәнібек батыр
- 27Жомарт
- 28Зеректік
- 29Кел, балалар, оқылық
- 30Қанағат
- 31Қара батыр
- 32Қарға мен құрт
- 33Қыпшақ Сейітқұл
- 34Лұқпан әкім
- 35Малды пайдаға жарату
- 36Мейірімді бала
- 37Мұжық пен жасауыл
- 38Мұңсыз адам
- 39Өзен
- 40Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш
- 41Өтіріктің залалы
- 42Петр патшаның тергелгені
- 43Полкан деген ит
- 44Сақып
- 45Салақтық
- 46Сараңдық пен жинақтылық
- 47Сауысқан мен қарға
- 48Сәтемір хан
- 49Силинші деген ханым
- 50Таза бұлақ
- 51Талаптың пайдасы
- 52Түлкі мен ешкі
- 53Тышқанның өсиеті
- 54Шеше мен бала
- 55Ізбасты
Түсінбеген сөзге түртіп көріңіз
Квиз ашылған сөздерден құрастырылады; сақталғандары тренажёрде қайталанады