Ыбырай Алтынсарин. Әңгімелер мен өлеңдер · Ыбырай Алтынсарин
Қыпшақ Сейітқұл
Тарауды тыңдау
Қазақша нейродауыс, абзац кідірістерімен
≈ 4 мин
Кез келген сөзге түртіңіз — қазақша түсіндірмесі шығады.
Қыпшақ Сейітқұл отыз үйлі тобрымен, жұрттың тегіс аттаныс барымтасы бар уақытта, бұл отыз үй кедейді қалайынша етсем байытып, халық қатарына қосамын деп ойға қалды. Сауда етуге мал жоқ, барымтамен мал алсам, бір күндерде жау да бізден қуып алады, ақырында бұрынғылардың айтып кетуінше, жортуыл басы жолда қалса керек. Соның бәрін де шамалап қарап, ақыр бір қыялға түсіп, Сейітқұл әуелі мекен еткендей бір орын іздеді. Көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай төресіндегі Қабырға деген өзен-судың бойына тоқтады. Мына жақта Үргеніш, Қоқаннан, мына жақта қалмақтан шетірек және жаманшылық болса, қалың Қыпшақ деген руға жақынырақ екен деп, сол жерді ұнатып қайтқан соң, қысты өткізіп, жаздың жылы уақытында кедейлерді жалаңаш-жалпы көшіріп, Қабырға бойына алып келді. Сейітқұлдың бір ағасы бар еді, жол жүріп, ұрлық, барымтаны әдет еткен; інісінің қанша айтқан ақылына болмай, үш-төрт үймен жалғыз-ақ сол көшпей, ескі орны Түркістан жағында қалды. Қабырғаның бойына келген соң, Сейітқұл қолына кетпен алып, отыз үйлі кедейіне де кетпен беріп, жер тегістеп, егін егуге кірісті. Түркістан жағында көрген үлгісімен судан арық қазып шығарып, егінге су жіберді. Егіні піскен соң орып, жыйып алып, артығын төңірегіндегі көшпелі елге сатып, мал етті. Жаңа мекен еткен жеріне орныққан соң, Сейітқұл егінді жылдан-жылға күшейтіп, арық басына шығыр салып, суды шығырмен айдап, астықтың (ол күнде бидай, тары, арпа егеді) артығын төңіректегі елге малға айырбас етумен, бұлардың малдары көбейіп, бай болды. Мұны көріп әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар да келіп, Сейітқұлға қосылып келіп, бес-алты жылда Сейітқұл елі деген төрт жүз үйге таянды дейді. Сейітқұлдың өзі де, жыйылған халқы да адалдары көбейіп, бай болды, ел жыйылып Сейітқұл жұрт ағасы болды, енді сол жұртының адал бейнет, табан ет, мандай терімен тапқан дәулетін аңдыған жаудан, ұрыдан, даладағы бөріден сақтаудың қамын ойлап, уайымға қалды. Солардан сақтану үшін, Сейітқұл жұртын жыйып кеңесіп, судың бір қолайлы жеріне шымнан биік қорған салдырды, малдарына реттеп бақташы, қару-жарақты қарауыл шыңдауыл жүргізді. Бұлардың былайша бір ауызға қарап бекінген халық екенін байқаған соң, малға қызыққан сырттағы көшпелі халықтар батып келе алмады. Бұл жағынан көңілі тыныш болған соң, Сейітқұл енді Бұхара, Қоқанға мал айдатып, ол кенттерден қазақ қолды әртүрлі товар алдырып, жылда егін піскен уакытта манағы қорғанда жәрмеңке реуішті базар болды. Көшпелі халық белгілі уақытта малын, жүн-жабағысын, тері-терсегін келтіріп, егіншілер оларға астығын, товарын айырбас етіп, осы қалыпша бір жағы егін, бір жағы саудамен Сейітқұлдың жұрты жұрттан асқан бай болыпты. Манағы Сейітқұлдың ағасы аттаныс-түсіспен жұрттың малын ұрлап бай боламын деп жүргенде, Қонырат жағында қолға түсіп, кім екені де белгісіз, біреу өлтіріп кетіпті; қалған мал-жанын ұрының малы деп Түркістан әкімдері талап алып, жамағаттарын Сейтқұл көп жылдар іздетіп, таптырып, қасына алыпты-мыс. Сейітқұл, құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша, 1830-шы жылдарда өтіпті-міс. Сол данышпан кісінің ақылымен егінді әдет еткен халық Қабырға суының бойында әлі көп. Жарлы болып, бөтен кәсібі жоқ кісілер Торғай жағында дереу егінге айналады, ерінбей азаптанса, бірнеше жылда түзеліп, халық қатарына қосылады.
Мазмұны · 5533 / 55
- 1Абылай хан
- 2Айуанның естесі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ
- 3Ақымақ дос
- 4Алтын шеттеуік
- 5Ананың сүюі
- 6Асыл шөп
- 7Аурудан аяған күштірек
- 8Әдеп
- 9Әділдік
- 10Әй, достарым!
- 11Әй, жігіттер!
- 12Әке мен бала
- 13Әлім кісі
- 14Байұлы
- 15Бай мен жарлы баласы
- 16Бақша ағаштары
- 17Баланың айласы
- 18Бұл кім?
- 19Білгеннің пайдасы
- 20Бір уыс мақта
- 21Дүние қалай етсең табылады
- 22Жаз
- 23Жамандыққа жақсылық
- 24Жаман жолдас
- 25Жан-жануарлардың дауласқаны
- 26Жәнібек батыр
- 27Жомарт
- 28Зеректік
- 29Кел, балалар, оқылық
- 30Қанағат
- 31Қара батыр
- 32Қарға мен құрт
- 33Қыпшақ Сейітқұл
- 34Лұқпан әкім
- 35Малды пайдаға жарату
- 36Мейірімді бала
- 37Мұжық пен жасауыл
- 38Мұңсыз адам
- 39Өзен
- 40Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш
- 41Өтіріктің залалы
- 42Петр патшаның тергелгені
- 43Полкан деген ит
- 44Сақып
- 45Салақтық
- 46Сараңдық пен жинақтылық
- 47Сауысқан мен қарға
- 48Сәтемір хан
- 49Силинші деген ханым
- 50Таза бұлақ
- 51Талаптың пайдасы
- 52Түлкі мен ешкі
- 53Тышқанның өсиеті
- 54Шеше мен бала
- 55Ізбасты
Түсінбеген сөзге түртіп көріңіз
Квиз ашылған сөздерден құрастырылады; сақталғандары тренажёрде қайталанады